Астанада жыл басынан бері 1300-ден астам қызметкерге жұмыс орны қысқартылатыны туралы ескерту берілген, деп жазады Democrat.kz.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, олардың бір бөлігі жұмыстан шығып үлгерген.
Бірнеше ай ішінде 547 қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған.
Жұмыс берушінің штат санын қысқартуға заң бойынша құқығы бар. Алайда қызметкерді жұмыстан шығару кезінде Еңбек кодексінде белгіленген талаптар мен әлеуметтік кепілдіктер сақталуы тиіс.
Соның ішінде қызметкерге қысқарту туралы алдын ала хабарлау, тиісті өтемақы төлеу және еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен бұзу талап етіледі.
Еңбек инспекциясы қызметкерлерге қысқарту кезінде өздеріне тиесілі төлемдер мен құжаттардың дұрыс рәсімделуін тексеруге кеңес береді.
Астанада бір мезгілде мыңнан астам адамның қысқарту туралы ескерту алуы еңбек нарығындағы жағдайға қатысты жаңа сұрақ туғызып отыр.