Қазақстанда сегіз мыңнан астам адамның ақшасын тартқан Amanat Drive қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шықты. Салымшылардан жиналған қаражат 21 млрд теңгеден асқан, ал ұйымдастырушылардың екі пәтері мен үш Lexus көлігі мемлекет пайдасына тәркіленді, деп жазады Democrat.kz.
Қонаев қаласының соты Amanat Drive қаржы пирамидасын басқарды деп айыпталған екі адамға үкім шығарды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жобаға сегіз мыңнан астам салымшы ақша салған. Жалпы тартылған қаражат 21 млрд теңгеден асып кеткен.
Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөлікті пайызсыз әрі кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен алуды ұсынған.
Тергеу барысында заңсыз табысты жасыру үшін бірнеше бақылаудағы компания пайдаланылғаны анықталды. Жалған қызмет көрсету шарттары арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, жиналған қаражаттың бір бөлігіне екі пәтер және үш Lexus сатып алынып, мүлік сенімді адамдардың атына рәсімделген.
Сот Шүкен К.-ны сегіз жылға, Үрәтбек М.-ны бір жылға бас бостандығынан айырды. Мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.