Қазақстан энергетикалық әлеуетін жасанды интеллект экономикасына айналдыруды көздейді. Global Banking & Finance Review басылымында 2 қарашада жарық көрген Барнали Пал Синханың мақаласы осы бағыттың мүмкіндіктері мен тәуекелдерін саралайды. Автордың басты сауалы: Қазақстан ЖИ өнімдерін өзі жасап, экспорттай ма, әлде шетелдік жабдыққа электр мен алаң ұсынумен шектеле ме?
NVIDIA басшысының сапары не айтады
Дженсен Хуанг Қазақстанға тұңғыш рет келгенде, елдің Еуропаға есептеу қуаты мен ЖИ қызметтерін ұсынатын хабқа айналу ықтималдығын атап өтті. Басылым оның сөзінен басты ойды бөліп алады: Қазақстан ертең энергия ресурстарын емес, интеллектті сата алады. Шикізатқа негізделген экономика үшін бұл ұзақ мерзімді стратегиялық бағдардың белгісі.
Цифрлық іргетас
Автор жасанды интеллектті дамытудың негізі ретінде елдің цифрлық инфрақұрылымын атайды. Қазақстан Network Readiness Index 2025 рейтингінде 65-орынды, БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орынды иеленген, ал үкіметтің жасанды интеллектке дайындығы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. IT қызметтерінің экспорты 2020 жылғы 33,5 млн доллардан 2025 жылы 1,142 млрд долларға дейін өскен. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілген.
Есептеу қуаты: Екібастұздағы «Дата-орталықтар алқабы»
Қазір елде NVIDIA технологиясына негізделген екі суперкомпьютерлік кластер жұмыс істейді, үшіншісі іске қосуға дайындалуда. Ең ауқымды жоба – Екібастұздағы Data Center Valley. Ол 2026 жылғы маусымда Firebird және NVIDIA компанияларымен жалпы құны 10 млрд долларға дейін жететін келісімдер аясында жарияланған. Бірінші кезеңнің қуаты 300 МВт болса, болашақта оны 1 ГВт-қа жеткізу көзделген, ал кластердегі графикалық процессорлар саны 100 мыңға дейін өсуі мүмкін. Мақалада Firebird компаниясы 45 мың Grace Blackwell үдеткішіне АҚШ-тың экспорттық лицензиясын алғаны айтылады. Жобаның серіктесі – «Қазақтелеком». Коммерциялық іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, екінші кезең 500 МВт қуатты қамтиды.
Сонымен бірге автор мұндай нысандардың энергия мен суды көп тұтынатынын, бұл елдің ресурстық жүйесіне қосымша жүктеме түсіретінін еске салады. Инфрақұрылымдық тізбектің тағы бір буыны – Каспий түбімен өтетін Қазақстан–Әзербайжан талшықты-оптикалық байланыс желісі. Ол Еуропаның интернет-алмасу нүктелеріне шығатын жол және «Цифрлық Жібек жолының» құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Хостинг пен өнім арасындағы айырма
Мақаланың негізгі аргументі құн тізбегіне қатысты. Шикі энергияны сату мен серверлік қуатты жалға беру маржасы төмен бизнес болып саналады, ал ең жоғары табысты меншікті жасанды интеллект өнімдері әкеледі. Осы тұрғыда автор Higgsfield стартапын мысалға келтіреді. Бейне генерациялауға маманданған компанияның Қазақстанда 300-ден астам маманы жұмыс істейді. 2026 жылғы тамызда стартап B сериялы раундта 400 млн доллар тартып, нарықтық құны 5,4 млрд долларға бағаланды, ал қазан айында NVIDIA мен TCV қосымша инвестиция салатынын жариялады. Басылымның пайымынша, бұл жергілікті таланттардың зияткерлік меншікті ел ішінде сақтай алатынының дәлелі.
Өнеркәсіптегі жасанды интеллект
Үкімет болжамы бойынша, отын-энергетика кешенінде жасанды интеллектті енгізу жыл сайын 23 млрд теңге көлемінде экономикалық әсер береді. Бұл нәтиже болжамды талдау, апаттардың алдын алу және өндірісті оңтайландыру арқылы қамтамасыз етілмек. Мақалада логистика, шекаралық хабтар және металлургия да технологияны қолданудың перспективалы салалары ретінде аталады. Алайда автор өнеркәсіптегі нақты экономикалық әсер әзірге дәлелденбегенін атап өтеді.
Стратегиялық бағдар
Мемлекеттік саясаттың негізгі құжаты ретінде Жасанды интеллектті дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары көрсетілген. Мақалада MagniSoz және Oylan ұлттық тілдік модельдері, сондай-ақ 2030 жылға қарай кемінде бес технологиялық «единорог» қалыптастыру мақсаты аталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектті коммерцияландыру, активтерді токенизациялау және блокчейнді дамыту жөніндегі бастамалары да назардан тыс қалмаған.
Басылымның қорытындысы бойынша, технологиялық егемендік пен еңбек өнімділігінің өсуі дата-орталықтардың санымен емес, жергілікті инновациялардың үздіксіз ағынымен өлшенеді. Жобалардың шынайы экономикалық тиімділігін коммерциялық кезеңдер басталғаннан кейін ғана бағалауға болады.