Кеше әлеуметтік желілерде тараған мектептегі жанжал туралы оқиғаның еліміздің қай өңірінде болғаны мәлім болды деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, кеше сайтымызда қазақстандық бір мектептің ішінде педагогтар араласқан үлкен жанжал туралы ақпарат берген едік.
Сол оқиғаға қатысты бүгін тың деректер пайда болды.
Оқиға Сарыағаш ауданындағы №67 Тәжібаев атындағы мектепте болған екен. Білім күні қарсаңында бірнеше адамның арасында жанжал шығып, жағдай төбелеске дейін барған.
Куәгерлердің сөзінше, мектеп ғимаратының ішінде адамдар бір-бірімен сөзге келіп, кейін жағадан алу мен күш қолдануға ұласқан.
Білім мен тәрбие берілетін мекеме қабырғасында мұндай оқиғаның болуы көпшіліктің наразылығын туғызды. Әсіресе жаңа оқу жылы басталар тұста мектеп аумағындағы тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда болуы тиіс екені айтылып жатыр.
Осы тұста бірнеше маңызды сұрақ туындайды: жанжалдың шығуына не себеп болды? Оған кімдер қатысты? Мектеп басшылығы мұндай жағдайдың алдын алу үшін қандай қауіпсіздік шараларын ұйымдастырған? Оқиға кезінде жауапты қызметкерлер қайда болды?
Әзірге жанжалдың нақты себебі, оған қатысқан адамдардың кім екені және оқиғаға байланысты қандай шара қолданылатыны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар мен білім саласына жауапты мекемелердің түсіндіруі қажет. Өйткені мектеп қабырғасында болған кез келген жанжал – тек екі адамның арасындағы келіспеушілік емес, ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе.