"Жынымды келтірмеңдерші!": Ләйлә Сұлтанқызы жанайқайын жеткізді 

"Жынымды келтірмеңдерші!": Ләйлә Сұлтанқызы жанайқайын жеткізді 

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мен Айгүл Мүкейдің қыз ұзату тойында ән айтып, қалыңдықты шығарып салуы әлеуметтік желіде дау туғызды. Бірі қос журналистің әрекетін адамгершілік пен сыйластықтың белгісі деп қабылдаса, енді бірі олардың жеке өмірін алға тартып, қазақы ырымға қайшы санаған, деп жазады Democrat.kz.

Ләйлә Сұлтанқызы мен Айгүл Мүкей өздерінің шәкірті, журналист Дина Ораздың ұзату тойында ән айтып, ақ жол тілеген. Алайда қуанышты сәттің бейнежазбасы тарағаннан кейін кейбір желі қолданушылары қос тележүргізушінің отбасылық жағдайын сөз етіп, олардың қыз ұзатуға қатысқанын сынаған.

Мұндай пікірлер Ләйлә Сұлтанқызының намысына тиген.

«Как будто мен осындай тағдырды, өмірді құдайдан сұрап алғандай, стериотипке жатып алған қыз-келіншектер сіздерге не болды?» – деп жазды ол Threads парақшасында.

Тележүргізуші қалыңдықтың өз өтінішімен ән айтқанын түсіндіріп, жеке өмірінде қиындық көрген әйелдің өзгенің қуанышына ортақтасуына неге тыйым салынуы керектігін сұраған.

«Ойбай жесір бүйтпейді, сөйтпейді деп жеп жатсыздар», – деп реніш білдірді ол.

Ләйлә Сұлтанқызы қыз ұзату рәсімінде ән айтып жүрген өзге әйелдердің тағдырын ешкім тексермейтінін айтып, қоғамдағы екіұдай көзқарасқа назар аударды.

«Немесе ұзатып жүрген үлкен кішілі, танымал, танымал емес жандардың өмірлері сіз ойлағандай кіршіксіз мөлдір ме, еді?» – дейді журналист.

Ол ажырасқан немесе жесір қалған әйелдің де толыққанды өмір сүруге, өзгенің қуанышына ортақтасуға, қайта тұрмыс құруға және ана болуға құқығы бар екенін еске салды.

«Жынымды келтірмеңдерші, ажырасқан әйел де, жесір әйел де АДАМ біріншіден, екіншіден өмірі жақсы көруге, күлуге, ұзатуға, әрбірденсін күйеуге тиюге, бала тууға ҚҰҚЫЛЫ!» – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде қарама-қайшы пікір туғызды.

Бір тарап әйелдің отбасылық тағдыры оның адамдық қадірін де, өзгенің қуанышына қатысу құқығын да анықтамауы керек деп есептейді. Олардың түсінігінше, қыз ұзатудағы ең маңызды нәрсе – қалыңдықтың өз қалауы мен жақындарының ақ тілегі.

Ал қарсы пікір білдірушілер қыз ұзату рәсіміндегі бұрыннан қалыптасқан ырым-тыйымдарды алға тартады. Олар қалыңдықты шығарып салатын әйелдердің отбасылық жағдайына мән беруді дәстүрдің бір бөлігі санайды.

Дегенмен бұл ұстанымның өзі маңызды сауал туғызады: ажырасу немесе жесір қалу әйелді өзгенің қуанышына ортақтасуға лайықсыз ете ме?

Ләйлә Сұлтанқызының жазбасындағы басты мәселе де осы. Ол өзінің жеке өмірін ақтаудан бұрын, әйелдің басынан өткен тағдырын кінәға айналдыратын қоғамдық түсінікке қарсылық білдіріп отыр.

Бір қыздың қуанышын бөлісуден басталған оқиға осылайша қоғамдағы әйел тағдыры, ырым мен адам құқығы туралы үлкен пікірталасқа ұласты.

Барлық жаңалықтар