Қазақстандық бүркіт GPS арқылы бақыланып, Өзбекстанға дейін ұшты

Қазақстандық бүркіт GPS арқылы бақыланып, Өзбекстанға дейін ұшты

«Алтын-Емел» ұлттық паркінде дүниеге келген жас дала қыраны алғашқы көші-қоны кезінде шамамен 1 400 шақырым жол жүріп, Өзбекстан аумағына жетті. Ғалымдар құстың қозғалысын GPS-трекер арқылы бақылап отыр, деп жазады Democrat.kz⁠.

Тұңғыш деп аталған жас дала қыраны Алматы облысындағы «Алтын-Емел» ұлттық паркінде дүниеге келген. Жазда ұяда болған құсқа 20 шілдеде мамандар күн батареясымен жұмыс істейтін GPS-трекер орнатқан.

Жобаға ұлттық парк қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары қатысқан. Құрылғы құстың ұшу бағытын, аялдайтын жерлерін және маусымдық көші-қонын бақылауға мүмкіндік береді.

Трекердің соңғы деректеріне сәйкес, қыран Қазақстан аумағынан өтіп, Қырғызстан мен Өзбекстан бағытына қарай ұшқан. Қазіргі уақытта ол Өзбекстанның Қашқадария облысында, Қаршы қаласына жақын маңда орналасқан.

Құстың жүрген жолы шамамен 1 400 шақырымға жеткен. Бұл — оның ата-анасынсыз жасаған алғашқы ұзақ көші-қоны.

Дала қыраны Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сондықтан мұндай бақылау тек бір құстың қозғалысын тіркеумен шектелмейді. Ғалымдар осы мәліметтер арқылы көші-қон жолдарын, құстардың демалатын аумақтарын және оларға қауіп төнуі мүмкін аймақтарды зерттей алады.

GPS-мониторинг сирек кездесетін құстарды қорғау және олардың тіршілік ету ортасын сақтау жұмыстарында маңызды құралға айналып отыр.

Барлық жаңалықтар