Сербиядағы кезектен тыс парламент сайлауының түпкілікті қорытындысы жарияланды. Студенттер қолдаған саяси тізім 53 пайыздан астам дауыс жинап, елдің саяси өміріндегі маңызды өзгеріске жол ашты, деп жазады Democrat.kz.
Сербияның Республикалық сайлау комиссиясы кезектен тыс парламент сайлауының түпкілікті нәтижесін жариялаған. Барлық 8 392 сайлау учаскесінің деректері өңделгеннен кейін студенттер қолдаған «Студенттік тізім — Студенттер жеңеді» қозғалысы 53,01 пайыз дауыс жинаған.
Президент Александр Вучич бастаған «Біріккен Сербия» тізімі 38,98 пайыз дауыс алған. Ал Ивица Дачичтің саяси тізімі 2,13 пайыз жинап, үш пайыздық межеден өте алмаған.
Сайлауға 4 444 310 адам қатысқан. Бұл тіркелген сайлаушылардың 68,89 пайызына тең.
Негізгі дауыс беру 25 қазанда өткен. Кейбір учаскелердегі нәтижелерді анықтау мүмкін болмағандықтан немесе бұрынғы нәтижелер күшін жойғандықтан, 1 қарашада 53 учаскеде қайта дауыс беру ұйымдастырылған.
Студенттер қолдаған қозғалыс 2024 жылы Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының шатыры құлағаннан кейін басталған жаппай наразылықтар аясында қалыптасқан. Оның тізіміне ғалымдар, дәрігерлер және қоғам қайраткерлері енген.
Сайлау қорытындысы парламенттегі күштердің арақатынасына елеулі әсер етуі мүмкін. Келесі кезеңде жаңа парламенттің құрамы қалыптасып, үкіметті жасақтау мәселесі шешіледі.