Мектептердегі білім сапасын арттыру үшін мұғалімдерді қайта-қайта тексеру жеткілікті ме? Педагог Роза Есбалаева білім беру жүйесіндегі бақылауға басымдық беретін тәсілді сынға алып, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға нақты ұсыныс жолдады. Оның пікірінше, мектептерге кемшілік іздейтін комиссиялардан гөрі, мұғалімнің кәсіби дамуына мүмкіндік беретін жүйе қажет, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбасында Роза Есбалаева Түркістан облысының мектептерінде білім сапасына қатысты тексерулер басталғаны жөніндегі ақпаратқа назар аударған.
Ол мектеп жұмысын бақылаудың қажеттігін жоққа шығармайды. Алайда тексеру барысында анықталған кемшіліктерді тізіп шығумен білім сапасын арттыру мүмкін емес деп есептейді.
«Білім сапасын арттыру үшін мектептерді бақылау, кемшіліктерді анықтау, жауапкершілікті күшейту қажет-ақ. Алайда мәселенің түпкі шешімі тексеру барысында анықталған олқылықтарды тіркеумен шектелмеуі керек. Ең бастысы — сол олқылықтарды жоюға қандай мүмкіндік ұсынып отырмыз?» – дейді педагог.
Бұл сұрақ білім беру жүйесіндегі маңызды қайшылықты көрсетеді.
Мектептен жоғары нәтиже талап етіледі. Мұғалімнің жұмысы тексеріледі, кемшілігі көрсетіледі, есебі сұралады. Бірақ сол кемшіліктерді түзету үшін педагогке қандай кәсіби қолдау көрсетіліп жатыр?
Роза Есбалаева осы мәселені шешудің бір жолы ретінде жалпы білім беретін мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында жүйелі тәжірибе алмасу бағдарламасын қалыптастыруды ұсынды.
«Мұғалімнен жоғары нәтиже талап ету орынды. Бірақ сол нәтижеге жету үшін оған кәсіби орта, тәжірибе алмасу мүмкіндігі, әдістемелік қолдау мен үздіксіз даму кеңістігі де қажет», – деп жазды ол.
Педагогтің айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тірек мектептермен тәжірибе алмасу бағытында атқарып жатқан жұмыстары бар. Алайда жекелеген семинарлар мен кіріктірілген сабақтар мұғалімнің кәсіби тәжірибесін жүйелі өзгертуге әрдайым жеткілікті бола бермейді.
Сондықтан ол мұғалімдерді бір немесе екі тоқсан мерзімінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында кәсіби тағылымдамадан өткізуді ұсынады.
Тағылымдама барысында педагогтер сабақтарға қатысып қана қоймай, өздері де сабақ жүргізіп, оқу үдерісін ұйымдастыру, критериалды бағалау, оқушылардың зерттеушілік және функционалдық сауаттылығын дамыту тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгерер еді.
Ал Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдері жалпы білім беретін мектептерге барып, бірлескен әдістемелік жұмыстар ұйымдастыра алады.
Бұл бір тараптың екіншісін оқытуымен шектелмей, екі мектеп жүйесінің өзара кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік бермек.
Роза Есбалаева мұндай бағдарламаны алдымен бірнеше мектепте пилоттық жоба ретінде бастауды ұсынады.
Сонымен бірге ол маңызды мәселені арнайы ескертеді: тағылымдама мұғалімнің негізгі жұмыс орнына, жалақысына және оқу жүктемесіне нұқсан келтірмеуі керек.
«Бұл мұғалімге қосымша міндет жүктейтін емес, оның кәсіби дамуына мүмкіндік беретін бағдарлама болуы керек», – дейді педагог.
Жазба авторы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей үндеу де жолдаған.
«Біз мұғалімнен нәтиже күтеміз. Ендеше, сол нәтижеге жетуіне жағдай жасайтын орта да қалыптастыруымыз керек. Тексеру кемшілікті анықтайды. Кәсіби қолдау оны түзетуге мүмкіндік береді. Ал тәжірибе алмасу сол мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдырады».
Бұл ұсыныстың өзегі – білім саласындағы бақылау мен қолдаудың арақатынасын қайта қарау.
Әрине, тексеруден толық бас тарту дұрыс шешім болмас еді. Мектептің білім сапасы, оқушылардың қауіпсіздігі мен мемлекеттік талаптардың орындалуы бақылауда болуы қажет.
Алайда тексеру нақты кәсіби көмекке ұласпаса, анықталған кемшіліктер келесі тексеруде қайта тіркелуі мүмкін.
Роза Есбалаева көтерген мәселе осы тұрғыдан маңызды: мұғалімнен жоғары нәтиже талап ететін жүйе сол нәтижеге жетуге қажетті мүмкіндікті де қамтамасыз етуге тиіс.
Өйткені білім сапасын жақсарту үшін мұғалімнің қатесін табу аз. Ең алдымен сол қатені түзетуге жағдай жасау қажет.
Ендігі сұрақ – Оқу-ағарту министрлігі педагогтің бұл ұсынысын назарға алып, тексеруге негізделген бақылаумен қатар, ұзақ мерзімді кәсіби тәжірибе алмасу жүйесін дамытуға дайын ба?