Қазақстанда бір баланы дүниеге келгеннен 18 жасқа дейін асырап-бағуға шамамен 9 млн теңгеден 21 млн теңгеге дейін қаражат кетуі мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
CMN.KZ сарапшылары бала өсіруге кететін шығынды бірнеше әдіспен есептеген.
ЭЫДҰ қолданатын әдістеме бойынша бір баланың 18 жылдық шығыны қазіргі бағамен шамамен 9,4 млн теңге болады.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы қолданатын тұтыну коэффициентімен есептегенде бұл сома 21 млн теңгеге дейін жетеді.
Ал мемлекет бекіткен ең төменгі күнкөріс нормалары негізінде есептегенде бір баланың 18 жылдық ең төменгі шығыны шамамен 11 млн теңге болады.
Бірақ бұл есепке репетитор, қымбат техника, ақылы медицина, үйірмелер мен басқа қосымша шығындар толық кірмейді.
Мәселенің екінші жағы — Қазақстанда бала туу көрсеткіші бесінші жыл қатарынан төмендеп келеді.
2021 жылы елде шамамен 446 мың сәби дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін азайған. 2026 жылдың алғашқы алты айында 149,8 мың бала дүниеге келген — былтырғы осы кезеңнен 7,1 пайыз төмен.
БҰҰ Халық қоры жүргізген зерттеуде респонденттердің 39 пайызы бала сүюге кедергі болатын маңызды себептердің бірі ретінде қаржылық жағдайды атаған.
Сондықтан Қазақстандағы демографиялық мәселе тек «неге бала аз туып жатыр?» деген сұрақпен шектелмеуі мүмкін. Оның артында баспана, азық-түлік, тұрақты жұмыс және отбасылық табыс мәселесі тұр.