Белгілі журналист, кезінде білім саласында жауапты қызмет атқарған Ерболат Мұхамеджан желідегі парақшасында жазба жариялап, "Абай" ұлттық мектебіне қатысты өзіне белгілі деректермен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
Өз жазбасында: "10 миллиард теңге қайда кетті? Ешқайда кеткен жоқ.
Екі айға жуық уақыт бұрын ҚР Оқу-ағарту министрлігі Абай ұлттық мектебінде жүргізілген аудиттің қорытындысын жариялады.
Ақпараттың ең үлкен тақырыбы бірден белгілі болды. 10,8 миллиард теңгеден астам бұзушылық анықталған. Одан кейін ақпарат құралдарында «10 миллиард теңге желге ұшты» деген мазмұндағы тақырыптар тарады. Құқық қорғау органдарына материалдар жіберілгені айтылды. Аудит аяқталғаннан кейін мектептің бұрынғы басшылығы қызметтен кетті.
Осының бәрін қатар оқыған қарапайым адам қандай қорытынды жасайды?
Абай ұлттық мектебінде 10 миллиард теңге жоғалған немесе қолды болған деп ойлайды.
Бірақ бұл ақпаратты кім және қалай таратты? Сұрақ осында. Себебі бұл жерде Жұлдыз Сүлейменова басқарып отырған мемлекеттік орган ақпараттық манипуляциямен айналысқан сияқты.
Мен осы мектептің түлегімін. Сондықтан бұл мәселеге эмоциямен емес, құжатпен қарағым келді. Аудит қорытындысына қатысты анықтаманы қарап шықтым.
Сонда ең маңызды бір мәселе көзге түседі. Құжатта көрсетілген 10,46 миллиард теңгенің 10,35 миллиарды жаңа мектеп ғимараты мен интернат корпусына қатысты.
Яғни жалпы соманың шамамен 99 пайызы. Бұл жоғалған 10 миллиард емес. Бұл қазір Алматыда тұрған жаңа мектеп пен интернаттың құны. Одан да маңыздысы бар. Осы 10,35 миллиард теңгеге қатысты анықтаманың өзінде: «Бұл қаржылық бұзушылыққа жатпайды» деп нақты жазылған. Сонда бірінші сұрақ туындайды. Егер бұл қаржылық бұзушылыққа жатпайтын болса, неге ол қоғамға жарияланған жалпы миллиардтаған қаржылық бұзушылық сомасының ішінде жүр?
Екінші мәселе одан да маңызды. Анықтамада мектеп ғимараты қажетті құжаттар дайын болмағандықтан балансқа қабылданбағаны көрсетілген. Қабылдап алу-тапсыру актісіне 2026 жылғы 30 маусымда ғана қол қойылған. Ал мемлекеттік мекеме ғимаратты тиісті акт пен құжаттарсыз жай ғана өз қалауымен балансына қоя алмайды. Енді хронологияға қараңыз.
2025 жылдың соңында сенаторлар нысанның құрылыс алаңына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысқан. 2026 жылғы 16 мамырда жаңа кампус мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Осы кезеңде аудит жүріп жатты.
Ал ғимаратты қабылдап алу-тапсыру актісі 30 маусымда ғана рәсімделген.
Арада тоғыз күн өткенде, 9 шілдеде қоғам «10,8 миллиард теңгеден астам бұзушылық» туралы ақпарат алды. Сонда өте қарапайым сұрақ бар.
16 мамырда ресми түрде ашылған нысанды мектеп балансына қабылдауға қажетті құжаттар неге 30 маусымда ғана рәсімделді? Құжаттарды уақытында дайындауға кім жауапты болды? Мектеп басшылығы ма? Нысанды өткізуші тарап па? Тапсырыс беруші ме?
Әлде бұл бірнеше мемлекеттік құрылымның арасындағы рәсім бе?
Осы сұрақтарға жауап бермей тұрып, бүкіл жағдайды бір мектеп пен оның директорының мойнына артып қою қаншалықты әділ?
Мен мұнымен аудиттің басқа қорытындыларын жоққа шығармаймын.
Керісінше. Нақты заңбұзушылық болса, оның әр теңгесі тексерілуі керек.
Орындалмаған жұмысқа ақша төленсе, мемлекеттік мүлік жоғалса, сатып алуда заң бұзылса, оған жауапты адамдар жауап беруі тиіс.
Аудитте мұндай фактілер де көрсетілген. Оларды жасыруға болмайды.
Бірақ 10 миллион мен 10 миллиардтың айырмасы бар. Баланста уақытында көрсетілмеген ғимарат пен жоғалған ақшаның да айырмасы бар.
Ал қоғамға ақпарат бергенде осы айырмашылықты түсіндіру өте маңызды.Мектептің бұрынғы директоры Қайрат Мұқашевқа қатысты да айтарым осы. Мен оның кінәлі немесе кінәсіз екенін анықтайтын орган емеспін. Егер нақты заңбұзушылыққа жауапты болса, заң алдында жауап беруі керек. Бірақ заңдық жауапкершілік пен қоғамдық үкім екі бөлек нәрсе. Адамның атына «10 миллиард» деген ақпаратты тіркеп қою үшін кейде бір тақырыптың өзі жеткілікті.
Ал кейін оның шын мәнінде не болғанын түсіндіру әлдеқайда қиын.
Сондықтан менің бұл мәселедегі негізгі сұрағым Оқу-ағарту министрлігіне.
Неге 9 шілдеде ақпаратты жариялаған кезде сол 10 миллиард теңгенің басым бөлігі жаңа мектеп ғимаратының құны екенін бірден қарапайым тілмен түсіндірмедіңіздер?
Неге «қалпына келтіруге жататын қаржылық бұзушылық» пен «бюджетке қайтарылуға тиіс қаражаттың» айырмашылығы бірден айтылмады?
Неге қоғам екі айға жуық уақыт мүлдем басқа түсінікпен өмір сүрді? Бүгін осының бәрін қайта түсіндіруге тура келіп отыр.
Бұл жерде мәселе тек Қайрат Мұқашевта емес. Мәселе Абай ұлттық мектебінің атында. Онда еңбек еткен мұғалімдердің абыройында. Мыңдаған түлектің мектебіне деген сенімінде.
Біз мектепті тексермеңіздер демейміз. Тексеріңіздер. Заңбұзушылық болса, жауапқа тартыңыздар. Бірақ мемлекеттік органның жауапкершілігі тек аудит жүргізумен бітпейді.
Қоғамға сол аудиттің нәтижесін дәл, толық және әділ түсіндіру де жауапкершілік.
Өйткені бір цифрды контекстсіз жариялау кейде тұтас бір ұжымға шығарылған үкім сияқты қабылдануы мүмкін. Абай ұлттық мектебіне аудит керек. Бірақ Абай ұлттық мектебіне әділдік те керек", - деп
жазды Ерболат Мұхамеджан.