Сұлтан Сүлеев: "Педагог мәртебесін аяққа таптаудың мың-миллион себебі бар"

Сұлтан Сүлеев: "Педагог мәртебесін аяққа таптаудың мың-миллион себебі бар"

Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің құқығын қорғауды күшейтуге кіріскен тұста білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев мұғалім мәртебесін түсіріп отырған мәселенің түпкі себептеріне назар аударды. Оның пікірінше, педагогтерді қорғау тек мектеп директорларын жауапқа тартумен шектелмеуі керек. Ең алдымен мұғалімге жоғарыдан келетін тапсырмалар мен жөнсіз тексерулерді азайту қажет, деп жазады Democrat.kz.

Сұлтан Сүлеев әлеуметтік желідегі жазбасында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың педагог құқығын қорғауға қатысты баяндамасына пікір білдірген.

«Министр Жұлдыз ханымның баяндамасын көріп қалдым. Президенттің педагогтер құқығын қорғау туралы тапсырмасына сәйкес ойларын айтыпты. Енді педагог құқығын қорғаудың кешенді бағдарламасы қолға алынады. Кез -келген оқиға министрлік тарапынан қатаң тексеріледі дейді.

Орысша айтқанда каждую букву целую.

Бірақ сол кез -келген оқиға қайдан шығады? Соны зерттемей атайлап директорларды бұрынғыша қоя салу дұрыс емес», – дейді ұстаз.

Оның айтуынша, мұғалім жұмысына араласатын түрлі комиссиялардың талаптары бірізді емес. Әр тексерушінің өзіндік ұстанымы бар, ал мектептің нақты жағдайы мен оқушы деңгейі ескеріле бермейді.

«Мұғалімге қазір сабақ беру методикасы үшін тиісу пайдасыз. Себебі шынымен қалай сабақ беру керек екенін ешкім де білмейді. Әр келген комиссияның ұстанымы әр түрлі. Комисся бастығы не айтады ,сол баға қойылады», – деп жазады Сұлтан Сүлеев.

Ұстаз педагог мәртебесіне нұқсан келтіретін тағы бір себеп ретінде мектептерге үздіксіз жолданатын тапсырмаларды атаған.

«Қазіргі педагог мәртебесін аяққа таптаудың мың-миллион себебі бар. Оның бірі келген информация мен тапсырмаға дер кезінде жауап бермеу. Олар қайдан келеді? Ауданнан. Ауданға қайдан? Басқармадан. Басқармаға қайдан? Көктен .. Және арасында аудан мен басқарманың импровизаторларының өзі ойлап тапқан ілеспе тапсырмалары бар тағы. Орындамай көр. Тура осы жерде мұғалім құқығы бұзылады».

Сұлтан Сүлеевтің пікірінше, мектептердегі түрлі жобалар мен қосымша тапсырмалардың көбеюі педагогтің негізгі жұмысына кедергі келтіріп отыр.

«Меніңше , ұстаз құқығын қорғау үшін оны түрлі тапсырмадан қорғау керек шығар? Бір апта бұрын класс жетекшілердің тағдыры туралы бекер жазған жоқпын. Балажан,Балапан , Жұмыртқа ,Белогы,Сарысы,Қабығы сияқты бірін бірі ілестіре беретін тапсырмаларды азайту керек. Мұғалім сонда ғана емін- еркін сабағын өтер еді», – дейді ол.

Ұстаздың сөзінше, мұндай тапсырмалардың салдары мұғалімнің сабаққа дайындалуына ғана емес, оның психологиялық жағдайына да әсер етеді.

«Қаза берсең себеп көп. Сондықтан осы жосықсыз тапсырмаларды тоқтатпай мұғалім мәртебесі туралы айту бекер іс».

Жазбасының соңында Сұлтан Сүлеев өзінің педагогикалық еңбек жолындағы тәлімгерлерін еске алып, бұрын сабаққа қатысудың негізгі мақсаты жас мұғалімге қолдау көрсету болғанын айтады.

Ал қазіргі тексерулердің мақсаты мен талаптары түсініксіз болып кеткенін жеткізеді.

Сұлтан Сүлеевтің көтерген мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің алдына маңызды сұрақ қойып отыр: педагог құқығын қорғау үшін жаңа бақылау тетіктерін енгізу жеткілікті ме, әлде мұғалімнің күнделікті жұмысын қиындатып отырған тапсырмалар жүйесінің өзін қайта қарау қажет пе?

Өйткені ұстаздың негізгі міндеті – есеп беріп, комиссия күту емес, бала оқыту. Ал сабақ беруге уақыт пен еркіндік қалмаса, педагог мәртебесін қорғау туралы бастамалардың тиімділігі де күмән тудырады.

Барлық жаңалықтар